Оның айтуынша, ауруханаларда КВИ емдеуге арналған дәрілердің айлық қоры, «СК-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда – екі айлық қоры қалыптастырылған. Сонымен қатар, әр өңірде 18 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды.


Сондай-ақ, Алексей Цой ауруханалар мен дәріханаларға жүктемені төмендету мақсатында тамыз айынан бастап 1 млн пациентке қоры бар амбулаториялық деңгейде КВИ емдеу үшін дәрілердің 5 түрі тегін беріліп жатқанын еске салды.


«Сіздердің тапсырмаларыңызбен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе отырып жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде 232 антиковидті препараттың құны орта есеппен 27%-ға төмендеді. Медициналық маскалар еркін сатылымда орта есеппен 20 теңгеден сатылады, қоймаларда 21,5 млн дана көлемінде жеткілікті қор қалыптастырылған.», - деді А.Цой.


Өз баяндамасында спикер медициналық ұйымдар жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілгенін, өңірлердің әкімдіктері 3 айлық қор қалыптастырғанын атап өтті.


Анықтама үшін: медициналық ұйымдарда 176 мың дана көп рет қолданылатын ЖҚҚ (өңдеуден кейін қайта пайдаланылады), бір рет қолданылатын ЖҚҚ – 1,4 млн дана бар, «СК-Фармация» ЖШС қоймаларына 2021 жылдан бастап 494 мың ЖҚҚ жеткізілді, Хабтарда резерв ретінде 200 мың бірлік сақталған.