16.01.2022 _ 19:50

Қылмыскерлер наразылық акцияларын өз мақсаттары үшін қолданған – Алматы қ. прокуроры

Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев алғашқы күннен бастап әріптестерімен бірге қантөгіс оқиғалардың ошағында жүрген. Қылмыскерлердің алдын ала дайындаған шабуылына куә болған. Олар арнайы техникаларды, автобустарды басып алып, құқық қорғаушыларға қарсы шықты. Барлық жерлерде бейнекамераларды жойып, қылмыс жасау үшін қолға түскен барлық құралдарды пайдаланды. Мысалы, жеке құрам жұмыс істеп отырған прокуратура ғимараттарының бірі өртенді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтып берді.

«Төтенше жағдай бөлімшелерінің нақты және жылдам іс-әрекеттерінің арқасында өрт сөндіріліп, адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерін құқық қорғаушыларға қарсы шығып, қарапайым халыққа сес көрсету мақсатында тонаған. Түрлі нысандарды өртеп, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірді. Құқық қорғау органдары оларды ашуға булыққан қарапайым шерушілер деп ойлады. Сондықтан да, оларға қатысты қару қолданылған жоқ. Қазір біз олардың наразылық акцияларын өз мақсаттары үшін қолданғанын түсінеміз. Олар көшеге шыққан бейбіт тұрғындарды қалқан ретінде пайдаланды. Қылмыскерлердің жасаған қатыгездіктерін көріп, қарапайым азаматтар үйлеріне тарады деп сенемін. 5 қаңтардан бастап қалада тек бандиттер мен террористер қылмыс жасады. Бейбіт шеру осымен аяқталған болатын. Біз терроризм актілеріне тап болдық. Қала әкімдігінің ғимараты, Президент резиденциясы мен әуежайды басып алды. Олардың алдын ала дайындалған іс-әрекеттері мен қатыгездігі өзара ұйымдасқан шабуылдар сипатын көрсетті. Өкінішке орай, әріптесіп атап өткендей, құрбан болғандар бар», - деді прокурор. 


Ол азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен өмірін қорғау жолында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ «Алматы трагедиясы» салдарынан зардап шеккендердің барлығына көңіл айтты.