03.12.2021 _ 13:50

ЖӨӨ құрылымындағы ШОБ үлесі 56% құрайды. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі - А. Көлгінов

Жиырма жылда елорда тұрғындарының саны 3 есе өсіп, 1,2 миллион адамнан асты. Халық санының артуы «уақытылы» шешімдерді қажет етеді: адамдар неғұрлым көп болса, сұраныс соғұрлым артады. Бұл инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелер, қолжетімді баспана құрылысы, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар салу. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаған қала басшысы Алтай Көлгінов мәлімдеді.

«Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. ШОБ-та жұмыс істейтіндер саны 11,9% артып, 401 мың адамды құрады. Пандемияға қарамастан, қабылданған мемлекеттік шаралардың арқасында өсім тіркелді, ШОБ өнімінің көлемі де 38,7% ұлғайып, 3,9 трлн теңгені құрады.  Бюджетке түсетін түсімдер 36% өсіп, 373 млрд теңге болды. ЖӨӨ құрылымындағы ШОБ үлесі - 56%. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, яғни елорда инвестициялық тартымды қала болып табылады», - деді спикер.