12.10.2021 _ 12:00

Нұр-Сұлтанда эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді – Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Бүгінгі күні қала бойынша 578 адам инфекциялық стационарларда КВИ диагнозымен ем қабылдап жатыр, оның ішінде реанимацияда 56 адам. Өкпені жасанды желдету аппаратына 14 науқас қосылған. Реанимациялық төсек орындарының саны – 127. Жалпы стационарлардағы жүктеме 58,4%. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов осындай мәліметтерді жария етті.

«Жаз кезеңмен салыстырғанда коронавируспен науқастарды емдеуге жұмылдырылған стационарлар саны 16-дан 7-ге дейін, ұйымдастырылған төсек-орын саны 4 мыңнан 990 дейін азайды. Бұл эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқанының белгісі. 12 қазанда АМСК ұйымдарында 2 573 пациенттер коронавирустық инфекциямен, ықтимал жағдайлармен 16 адам ем алып жүр. Мобильді бригадалар күніне 2 мыңға жуық шақыртуларды жүзеге асырады. Бүгінгі күні қалада 758 бала амбулаториялық және 48 стационарлық ем алуда. Ауыр жағдайлар жоқ», - деді Т.Мұратов. 


Ол азаматтарды ковидтік ауруханалар ретінде бейімделген қалалық ауруханаларда жоспарлы госпитализация мен емдеуді тоқтата тұру мәселесі алаңдатқанын, бірақ ауру өршіген кезде бұл қажетті және мәжбүрлі шара болғанын түсіндіріп өтті. 6 қазаннан бастап №2 Көпбейінді қалалық ауруханада тәуліктік және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу қайта басталды. Сондай-ақ, осы аптада шілде айында инфекциялық стационар ретінде бейімделіп, 4 мыңнан астам науқаста емдеп шыққан №1 Көпбейінді қалалық аурухана пациенттерді қайта жоспарлы жұмысын жалғастырады.