09.09.2021 _ 14:00

Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы. Қазақстанда заманауи мемлекеттік координаттар жүйесін әзірлеу қолға алынды

Соңғы жылдары әлем жерсеріктік навигацияны, цифрлық картографиялауды, геокеңістіктік технологияларды кең ауқымды енгізу мен пайдалануға жылдам көшумен сипатталатын геодезия және картография саласының маңыздылығы едәуір артты. Қазақстан да қалыспауда. 2021 жылдан «Цифрлық Қазақстан» аясында геодезия және картография саласындағы ең ауқымды жоба - Ұлттық кеңістік деректер инфрақұрылымы (ҰКДИ) іске асырыла бастады. Іске асыру кезеңі 4 жылды қамтиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЦДИАӨМ геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажмұхан Бекмұқашев хабарлады. ҰКДИ саланың бірқатар проблемалық мәселелерін шешеді.
фото с сайта kazgeodeziya.kz


Қазақстан әлі күнге дейін 1942 жылғы координаттар жүйесін (СК-42) пайдаланады, цифрландыру басталғалы ол моральдық тұрғыдан ескірді. Сонымен қатар, СК-42-де шектеу белгісі бар, яғни мемлекеттік емес құрылымдар, заңды және жеке тұлғалар, соның ішінде шетелдік инвесторлар үшін геодеректер қолжетімсіз. Сондай-ақ түрлі ведомстволарда, салалар мен өңірлерде СК-42, СК-63, WGS-84 координаттарының әртүрлі жүйелері, жергілікті координаттар жүйелері қолданылады. Нәтижесінде, бұл мемлекеттік дерекқорлардың, кадастрлардың және геопорталдардың графикалық негіздерінің бытыраңқылығына әкеледі. 


«ҰКДИ шеңберінде мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерді жаңғырту жүргізілетін болады; жерсеріктік технологияларды қолдана отырып, қазіргі заманғы координаттар жүйесі орнатылады; республика аумағында, оның ішінде қалалар мен аудан орталықтарында жаңа координаттар жүйесінде бірыңғай ашық цифрлық картографиялық негіз құрылады; сондай-ақ «мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету» және «базалық кеңістіктік деректер» ақпараттық жүйелері құрылатын болады. ҰКДИ іске асыру СК-42 орнына Қазақстанның заманауи мемлекеттік координаттар жүйесін (Qazaqstan Terrestrial Reference System, QTRS) орнатуға және республика аумағын 100% ашық кеңістіктік деректермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, кадастрларын, геопорталдарын интеграциялау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті комитет басшысы. 


Осылайша, ҰКДИ-де құрылатын бірыңғай цифрлық картографиялық негіз барлық мемлекеттік дерекқорлардың, кадастрлардың және геопорталдардың бірыңғай графикалық негізі болады.