21.04.2021 _ 13:07

ПИК-пен не істеу керек? ТКШ қазақстандық орталығы МИБ-ке көшу алгоритмін түсіндірді

Бастама көтеру, жариялау, өткізу. Тұрғындар жиналысы – бұл МИБ-ке өту процесінің алғашқы және ең қиын қадамы. Егер көршілерді жинау мүмкін болмаса, пәтер бойынша жазбаша сауалнама жүргізуге болады. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында іс-қимылдар алгоритмін түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, егер жиналыста кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаса, онда жазбаша сауалнама жүргізу туралы шешім хаттамамен тіркеледі және жазбаша сауалнама жүргізу уақыты белгіленеді.

«Жазбаша сауалнама парағы жазбаша сауалнама жарияланған күннен бастап күнтізбелік 7 күн ішінде әрбір меншік иесіне қолма-қол не электрондық пошта арқылы жіберіледі. Жазбаша сауалнама жиналыс жарияланған күннен бастап 1 айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Тұрғындар үшін ең бастысы тұрғындардың дауыстарын дұрыс есептеу, жиналыс хаттамасын рәсімдеу және заңды тұлға ретінде тіркелу үшін ХҚКО-ға тапсырылатын құжаттардың толық топтамасын рәсімдеу», - деп атап өтті спикер.

ХҚКО-ға өтініш, дауыс беру парақтары бар хаттама, мемлекеттік және орыс тілдерінде 2 данадан Жарғы тапсырып, мемлекеттік баж төлеп, шешімді күту қажет.

«Пәтер, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жай серіктестік басқару нысанын таңдаған жағдайда, онда ЖС-тің бірлескен қызметі туралы шарт жасасу қажет. Шарт барлық меншік иелерімен жасалады және бірлескен қызмет туралы басшылыққа алу үшін ЖС сенімді тұлғасына (100%) жазбаша сенімхат беріледі», - деп атап өтті қазақстандық орталық өкілі.

Заңға сәйкес, дауыс беруді ақпараттандыру объектілері арқылы өткізуге болады, бүгінгі таңда Қазақстанда КПТҮ басқару бойынша 10-нан астам ақпараттандыру объектісі нарықта жұмыс істейді, олардың кейбіреулері онлайн-режимде дауыс беруді өткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде МИБ-ті тіркеуге өтінімдерді электрондық түрде беру үшін Мемлекеттік деректер базасы пысықталуда.