09.04.2021 _ 14:50

Мұрағаттарда жұмыс істеу үшін құжаттарды құпиясыздандыру керек – Б.Әбдіғалиұлы

Бүгінгі күні негізгі жұмыс мұрағаттарда, жабық қорларда жүргзіледі. Бірақ мемлекеттік комиссияның рұқсат қағазы болғанымен мұрағатта жұмыста кедергілер көп. Осыны шешу үшін құжаттарды құпиясыздандыру керек. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы осындай пікірін жеткізді. Оның айтуынша, бұл Кеңес заманында құпия деп бекітілген құжаттар, тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне саяси шектеу жоқ.

«Бүгінгі таңда кейбір құжаттар Ресей, Украина және басқа да мемлекеттерде интернетте, кітаптарда шығып жатыр. Ал бізде әлі де болса, құпия. Бас прокуратура, Жоғарғы сот, ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және мұрағат мамандарымен бірігіп, арнайы комиссия ұйымдастырылып, құжаттарды кезең-кезеңмен құпиясыздандыру қолға алынады. Бұл ғалымдар үшін ғана емес, өз бабаларын іздеп жүрген азаматтарға да жеңіл болуы керек. Мемлекеттік комиссияның  шешімімен арнайы комиссия құрылды. Оған тиісті өкілетті органдардың мүшелері енді. Жұмыс жоспары әзірленеді», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Оның айтуынша, өңірлерде де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстық мұрағаттарда, Алматы қаласының мұрағаттарындағы жабық қорлар да біртіндеп ашылып жатыр.