Емделушілер мен сәбиі бар аналарға арналған ұялы қосымша іске қосылмақ

Елімізде ем қабылдаушылар мен сәбиі бар аналар үшін ұялы қосымша іске қосылады деп жоспарлануда. ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы және «Патронаждық мейіргер» ұялы қосымшаларын құрастырып жатыр,  деп хабарлайды ortcom.kz.

Бұл туралы бүгін Орталық Коммуникацилар Қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Олжас Әбішев хабарлады. Оның айтуынша, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында пациент жоспарлы ем алудың алдын ала мерзімі туралы ақпарат алып,  жоспарлы түрде мамандандырылған медициналық көмек пен жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсететін ұйымды таңдай алады.

«Патронаждық мейіргер» жобасы ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып әзірленген. Қазіргі таңда жоба Қызылорда облысында тестілеуден өтіп жатыр. Қосымша 2 жасқа дейінгі балалары бар аналарға клиникаларға бармай, үйде отырып өз баланысының ауруы, екпелері мен дамуы туралы деректерді ұялы қосымшаға енгізуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін ақпараттық жүйелерді енгізу мен дамыту Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізумен 2010 жылы басталған. Қазақстан Республикасының электрондық денсаулық сақтау саласын дамыту тұжырымдамасының шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2016 жылдан бастап ақпараттандыру және денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерінің интероперабельдігін қамтамасыз ету үшін Платформаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл үздіксіз медициналық көмек көрсетуді, денсаулық сақтаудың  ақпараттық жүйелерінің интероперабельдігін, өзекті, нақты және толық ақпаратты автоматты түрде жинауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді» – деді Олжас Әбішев.

Айта кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның аумағында жаңа инновациялық жобаларды енгізу туралы IBM және Microsoft компанияларымен меморандум жасасты.

 

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика