Біз ауылдағы жұмыссыз әйелдерге өз бизнесін ашуға мүмкіндік жасап отырмыз

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруға және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге еліміздің қоғамдық ұйымдарының үлесі туралы баспасөз конференциясы барысында  «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сулейменов мәлім етті.

«Біз бірнеше жылдан бері «Coca-Cola» халықаралық қорымен ауылдық жерде әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеміз. Жобаның атауы – «Coca-Cola белестері». Бұл бағдарлама «Жасыл» технологияларды пайдалана отырып, ауылдағы жұмыссыз әйелдерге өз бизнесін ашуға мүмкіндік беруде. Нақтылап айтсақ, осы жоба аясында 2013 жылдан бері 40 әйел білім алды. Бүгінгі таңда олар өздерінің шағын бизнестерін дөңгелетіп отыр және соның арқасында өз жерлестерін де жұмыспен қамтамасыз етуде», – деді Асхат Сулейменов.

Оның айтуынша биыл, аталған бағдарламаның маңызды жалғасы ретінде жаңадан тағы бір жоба қолға алынбақ. Яғни, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келетін қонақтарды «Арнасай» ауылында күту.

Ақмола облысының іргесінде ғана орналасқан Арнасай елді мекенін республикамызда «Қазақстанның алғашқы «жасыл» ауылы» деп таниды. Себебі жергілікті жердің халқы экологиялық таза технологиялар негізінде өнім алып отыр.

«Шетелден келген қонақтарға еліміздің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қазақтың алтын бесігі -ауылдық жерде таныстырғымыз келеді. Сол үшін бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда.  Ауыл ішінде 10 үй іріктеліп алынды. Іріктеуден өткен үйлерге «Жасыл» технологиялар, атап айтсақ, күн коллекторлары, күн панельдері орналастырылмақ. Сонымен қатар бұл үйлердің жанында бау-бақша бар. Олар «Жасыл» технолоргияларды қолдана отырып, дастарханын жайнатып, 4 мезгіл тамағын беріп, келген қонақтарды күтеді. Бұл қадам да шағын бизнестің бір тетігі болмақ», – деп атқарушы директор сөзін түйіндеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика