Ғазиз Телебаев: «Рухани жаңғыру» – қоғамды дамытудың басты тетігі

Ғазиз Тұрысбекұлы Телебаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор.

– Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында: «Өткенге бойламай, тарихымызға үңілмей, яғни ұлттық кодымызды таппай біз жоғары деңгейге көтеріле алмаймыз. Ол үшін сананы жаңғыртуымыз керек» деп жазды. Біздің қоғамда бұл үрдіс қалай іске асырылып жатыр?

– Әрине, Елбасы өте өзекті мәселелерді дер кезінде көтере білді. Біздің қоғам үшін маңызды іс ол сананың жаңғыруын қолға алатын өзекті істерді жүзеге асыру десек артық айтпағанымыз. Сананың жаңғыруы түрлі істермен жасалатын, нақты әрекеттерді жүзеге асыру арқылы өн бойымызға бойлайтын рух. Осыған байланысты нақты алты жобаны Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында ұсынды. Оның ішінде «100 оқулықтарды қазақ тіліне аудару», «Латын графикасына көшіру», «Туған жер» сынды жобалар бар. Әр азамат туған жеріндегі жер-су атауларының қайлай пайда болғанын, қандай тарихпен байланысты екенін білсе ол да өткенін ұмытпаудың бір жолы болар еді. Туған жер деп тек қана өз аулыңмен шектелмей, бүкіл Қазақстан территориясындағы құнды тарихи жерлерді білу керек дер едім. Осыған байланысты мақаладағы тағы бір өзекті ойдың бірі «Киелі жерлердің картасын жасау» жобасы. Міне, осының барлығы өткенге үңілдіретін ізгілікті істердің бастауы болмақ.

– Сіздің ойыңызша өзіңіз тоқталып өткен «Киелі жерлердің картасын жасау» жобасының маңызы неде?

– Қазір осыған байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Киелі Қазақстан» деген орталық, Орталық музейдің жанынан құрылды. Солар киелі деген жерлерге экспедиция жасап, тізімдерін нақтылауда. Сол тізімдер бекітілген соң нақты жұмыстар жасалу қолға алынбақ. Бұл киелі жерлер халқымызды өзіне тартатын, ішкі туризімді дамытатын орталықтарға айналуы керек деп өзім пайымдаймын. Себебі, бізде тарихи тамаша жерлер өте көп болғанымен, көбіміз соны біле бермейміз. Бұл жоба сол олқылықтың орнын толтырар еді.

– Мақалада тілге тиек етілген тақырыптардың бірі – мәдениет саласы. Осы жолда қандай істерді жүзеге асырған жөн деп ойлайсыз?

– Көбіне біздер мәдениет туралы деректі XVII, XVIII ғасырлардан іздеп жатамыз. Негізі қазақ мәдениетінің түп-тамыры сонау Түркі заманынан бастау алады. Соның айрықша көрінісі алғашқы әліпбиді әлемге сыйлаған Түркі ел екенін мақтан ете білуіміз орынды іс. Руникалық жазу сол заманнан келе жатқан көне жазу түрі. Осыны біз оқи алсақ, соны мәдени байлығымыз ретінде пайдалана алсақ, тарихи парақшамызды кеңінен аша түсетін үлкен олжа болар еді. Бұл біздің қоғамды жоғары деңгейге көтермесе, төмендетпейтіні анық. Түркі заманынан бастау алатын идеялар біздің ұлтымызда сақталып қалған. Кейде «Қазақ дүниетанымы» деп бөліп-жарудың да қажеті жоқ шығар. Бұл жалпы түркі дүниетанымы. Ол біздің түп-тамырымыз. Соның бірі ретінде әйгілі философ Әл-Фараби бабамызды мысал ретінде келтірер едім. Оның еңбектерін зерттеу және кеңінен насихаттау арқылы рухани ойымызды биікке жетелей аламыз.

– Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының шыққанына жарты жылдан асып барады. Жалпы осы аралықта істелінген жұмыс, көтерілген мәселелер халықтың көкейіне жетті ме?

– Халықтың көкейіне ол тек нақты іспен ғана жетеді. Жарты жылда комиссияның бірнеше отырысы өтті. Ұғыну, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Меніңше мақалада өзекті болған негізгі ойлар енді іске асырыла бастады. Оның нәтижесіне алдағы жылдарда куә боламыз деп ойлаймын. Егемен ел ретінде Қазақстан экономиканың дамуына көбірек көңіл бөлді. Енді онымен қатар, рухани дүниені де жаңғырту қажет екенін түсіндік. Рух пен экономиканы ұштастыру арқылы басқалармен тереземіз тең болары сөзсіз. Сондықтан да, «Рухани жаңғыру» мақаласын қоғамды алға жылжытудың ең басты тетігі, өзекті құралы деп бағалаған жөн.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика