Қазақстанның туристік аймақтары «Qazaqstan3D.kz» мобильді нұсқасында шығады

«Qazaqstan3D.kz» бұрын-соңды қолданыста болмаған мобильді жоба. Қазақстанның көрікті жерлерін онлайн аралауға мүмкіндік беретін құрылым бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде тұсауын кесті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы елімізде цифрлық сервистерді дамыту тапсырмасына орай, «Qazaqstan 3D» жобасы еліміздегі туристік аймақтарды таныстыратын мультимедиялық  жолсерік деп хабарлайды, ortcom.kz

Жаңа жобаны журналистерге «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов пен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев таныстырды.

Ғаламтор желісінің мүмкіндігі арқылы веб-сайт пен Android және iOS платформаларындағы қосымша жүйелі құрылымымен, қолайлы интерфейсімен ерекшеленетін бағдарламада Қазақстанның танымал туристік орындары 3D моделінде таныстырылады. Мобильді жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Осылайша, елімізге қызығушылық танытқан жергілікті және шетелдік азаматтар қолайлы тұрғынжай таңдап, қауіпсіз саяхат жасау бағытын анықтай алады.

  • Осындай пайдалы ресурстарды ашу арқылы біз рухани байлығымыз бен ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен тарихымызды насихаттауға, жастардың өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға және олардың IT саласындағы білім-біліктерін жетілдіруге ықпал етеміз, – деп атап өтті Сұлтан Айтжанов.

Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүр мен қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани  құндылықтарын сақтау мақсатында «Жетi қазына» мобильді қосымшасы да баспасөз конференция барысында таныстырылды. Қосымшаның «Киелі сандар сыры», «Салт-дәстүр», «Асыл мұра», «Сөз сандық», «Алтын зер», «Тайқазан», «Ұлы дала ғажайыптары» деп аталатын 7 бөлімі қазақ және орыс тілдерінде ақпараттандырылған.

  • Мобильді жоба тарихи аңыздар мен шежіреден сыр шертеді, мәдени құндылықтарымызды таныстырады. Қазіргі уақытта «Qazaqstan 3D» және «Жеті қазына» қосымшаларын Android және iOs платформаларында жүктеп алуға болады,- деді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика