Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы мобилді қосымша арқылы кеңес береді

Кәсіпкерлікпен және іскерлікпен айналысуды мақсат еткен әйелдер үшін жақын арада іске қосылатын мобильді қосымша теңдессіз көмек құралы болмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына арналған баспасөз конференциясы барысында Астана қаласы бойынша іскер әйелдер Қауымдастығының мүшесі, «International Gold Group» ЖШС бас директоры  Сандуғаш Бекжигитова мәлім етті.

Цифрлық технологияның алдыңғы қатарлы мүмкіншілігі еліміздің кез келген аймағында белсенділік танытып, кәсіпкерлікпен айналысуды көздеген әйелдердің көкейінде жүрген сауалдарына жауап беретін болады. Мәселең, кәсіпті ашу үшін қандай құжат қажет екендігін, республика аумағында нендей финанстық құралдар барын, қай бағытта қаржылық емес құралдар керектігін және оларды оңтайлы қолдану тәсілдері мен мүмкіншіліктері туралы мобильді қосымша нақты және толық жауап беретін болады.

Спикердің айтуынша, еңбек нарығын одан әрмен дамыту мақсатында іскер әйелдер қауымдастығымен басқа да бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бірі – әйелдерді жаңа мамандыққа оқыту. Бұл еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие, қоғам үшін өте қажетті мамандықтар. Басты мақсат – кіші және орта бизнесті дамыта отырып, тұрақты қоғамның негізі ретінде орта класты қалыптастыру.

Өз кезегінде әйелдер Мемлекет басшысының барлық бастамаларының сенімді қолдаушыларына айналды. Олар мемлекетте жүргізілетін барлық реформаларға белсенді араласып, түрлі салалардың дамуына маңызды үлес қосып келеді.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика