Қазақстанның 2022 жылға дейінгі ұлттық экспорттық стратегиясы шикізаттық емес тауарлардың экспортын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді – Сүлейменов

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сейсенбіде өткізілген үкімет отырысы барысында 2018-2022 жылдарға арналған «Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясы» Үкіметтік бағдарламасын таныстырды.
-Бағдарлама «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген, атап айтқанда шикізаттық емес экспорттың көлемін 2025 жылға қарай 2015 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асырудың табысты болуының мақсатты индикаторлары ретінде шикізаттық емес экспорттың көлемін 2022 жылға қарай 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда бір жарым есеге ұлғайту, сондай-ақ шикізаттық емес тауарлар позициясы экспортының өсімін басымдықтағы және экспортқа ынта-ықыласы жоғары елдерге белгілеу ұсынылады.

Экспорттаушыларды қолдаудың институттық негізін жетілдіру аясында бағдарлама арқылы «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін Қазақэкспорт ҰК-ға Экспортты қолдау және ілгерілету бойынша бірыңғай оператор мәртебесін заңды түрде бекіту ұсынылып отыр.

-Әлемдік тәжірибеге сәйкес, «бір терезе» қағидасын енгізу мемлекеттік органдар мен даму институттарына қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және мерзімін қысқартуға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Экспорттаушылар үшін «бір терезе» қағидасын енгізу баға және уақыт шығындарын қысқартады, мемлекеттік органдармен және даму институттарымен ақпараттық өзара іс-қимыл технологиясын жеңілдетеді, – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, республиканың барлық өңірлерінде және шетелде, бірінші кезеңде басымдықтағы және экспортқа ынта-ықыласы жоғары елдерде Бірыңғай оператор өкілдіктерін құру мәселесін құру көзделуде, бұл жергілікті жерлерде экспорттаушыларды қолдауға, жергілікті атқарушы органдардың республиканың экспорттық саясатының негізгі бағыттарын жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құжатта сондай-ақ перспективалық сату нарығын бөлу арқылы тауарлар мен қызмет көрсетулер бойынша перспективалық «экспорт себетін» анықтау көзделуде. Аталған себетке экспортталып жатқан немесе экспорттауға ұсынылып отырған жеті саладан 116 тауар енгізілді. Министрдің айтуынша, қолданыстағы тауарлық позициялардың ішінде тамақ өнеркәсібі тауарлары, минералдық және химиялық тыңайтқыштар, медициналық бұйымдар, шыны бар. Перспективалық қызмет көрсетулерге, экспорттық тұрғыдан алғанда, көлік, туризм, қаржы және іскерлік қызмет көрсетулер, сондай-ақ білім, медицина, ғарыштық қызмет көрсету және ғарыштық жабдықтарды сынау жатады.

Министр перспективалық «экспорттық себет» тауарларының экспортының бағытын анықтау кезінде мынадай өлшемдер ескерілгенін баяндады: көліктік қолжетімділік, елдер импортының құрылымы және Қазақстан экспортының толықтыру индексі, елдер импортының өсу болжамы және талданатын елдердің қазақстандық шикізаттық емес тауарларының импорт көлемі.

Сүлейменовтің айтуынша, тауарларды сату мен қызмет көрсетулердің перспективалық нарығы ретінде 27 ел анықталды: олар Қазақстан үшін экспорттық мүдделілік деңгейі бойынша шартты түрде басымдықтағы (Ресей, Қытай), жоғары (Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Украина) және қалыпты Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан, Грузия, Латвия, Моңғолия, Нидерланды, Польша, Тәжікстан, Түркменстан) және экспорттық мүддесі ұзақмерзімді перспективаға сай: (Ұлыбритания, Германия, Италия, Финляндия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония) болып бөлінді.
Бағдарлама экспорттаушылар үшін қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын көрсетуді, сондай-ақ экспорттың дамуына кедергі келтіретін бөгеттерді жоюды көздейді.

-Қазақстан Республикасында тауарлардың экспорты рәсімдерін жетілдіру аясында тауарларды электрондық декларациялауды кеңінен пайдалануды жеделдету қажет, бұл айтарлықтай көп қаржыландыруды және уақытты талап ететін бастапқы логистикалық жағдайда уақытты және кедендік ресімдеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сүлейменовтің айтуынша, сыртқы сауда кедергілерін жою үшін үшінші елдермен көпжақты және екіжақты келіссөздер жүргізілетін болады.

-Әзірленген Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есеге ұлғайту мақсатына қол жеткізудің дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін негізгі мақсатты индикаторлар мен нәтиже көрсеткіштеріне негіз болмақ, – деді Сүлейменов.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика