Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді

Бүгін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Сауда және инвестициялар министрі Грег Хэндспен кездесті.
Кездесу барысында алда өтетін сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-британ үкіметаралық комиссиясының 4 отырысы туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы инвестиция, тау-кен, ауыл шаруалышығы сияқты перспективалы бағыттар бойынша серіктестік орнату жайын талқылады деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі
«Мен екі ел арасындағы қарым-қатынастың жыл сайын нығайып келе жатқандығын ерекше атап өткім келеді. Ұлыбритания – біздің Еуропадағы ең ірі стратегиялық серіктестеріміздің бірі», деді Жеңіс Қасымбек.
Cондай-ақ, кездесу барысында Қытай-Қазақстан-Ұлыбритания арасын байланыстыратын «Ұлы Жібек жолы» экономикалық белдеуін жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс атқару үшін үшжақты келісім орнату мәселесі де сөз болды.
Бүгінде Қазақстан территориясы арқылы Қытай мен Еуропаның арасында 15 транзиттік контейнерлік пойыз жүреді. Өткен жылы «Қытай-Еуропа-Қытай» бағытындағы транзиттік контейнерлер тасымалы 104,5 мыңға жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге артып отыр (49,9 мың контейнер).
2017 жылы Чжэцзян (ҚХР) – Лондон (Ұлыбритания) бағыты бойынша алғашқы жүк контейнерлік пойызы іске қосылды. Ендігі ретте бұл бағыт бойынша жүкті тура 18 күн ішінде жеткізетін мүмкіндік туды. Бұл жүк кемесіне қарағанда қызметін 30 күн ерте орындайды.
Бүгінде үкіметаралық комиссия аясында білім және ғылым, энергетика, тау-кен өнеркәсібі бағыттары бойынша 4 жұмыс тобы жұмыс істейді.
Ұлыбритания – тауар айналымы бойынша Қазақстанның ең ірі 10 серіктесінің қатарына кіреді, сондай-ақ, Қазақстанға ең көп инвестиция әкелетін үздік алты елдің қатарында. Ұлыбритания соңғы 12 жыл ішінде Қазақстанға жалпы көлемі 12,1 млрд. АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестиция әкелді (2005 жылдан 2017 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі көрсеткіш бойынша тікелей инвестиция көлемі 12 278,2 млн. АҚШ долларын құрайды). Бұл – Қазақстанға тартылған жалпы шетелдік инвестицияның 5%-ы.
Анықтама үшін: 2017 жылдың қаңтар-сәуір айлары бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 422,6 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2016 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 26,6%-ға жоғары (333,7 млн. АҚШ доллары).

Comments are closed.

Яндекс.Метрика