Ауылшаруашылығына арналған кепілдендірілген несие бойынша ең жоғарғы сома 18 миллион теңгені құрайды

Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «ҚазАгроКепіл» АҚ ауылшаруашылығына арналған несиелерді кепілдендіреді. Бұл бойынша ең жоғарғы кепілдендірілетін несие сомасы 18 миллион теңгені құрайды. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен «ҚазАгроКепіл» АҚ Басшылығы қатысуымен өткен баспасөз маслихатында айтылды.

2016 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. «ҚазАгроКепіл» АҚ бағдарламаның кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша, шағын несиелерді мен несиелерді кепілдендіру бөлігі бойынша жұмыс жасайды. Бағдарлама шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнесін ашуға, сондай-ақ қолданыстағы бизнесті кеңейтуге бағытталған.

«Жоғарыда аталған бағдарлама аясында кез-келген кәсіпкер ауылдық жерлерде және шағын қалаларда «Аграрлық несие корпорациясы» қорландыратын кредиттік серіктестіктерден және МҚҰ-нан несие ала алады. Кепіл жетіспеген жағдайда, кәсіпкер кепілдікті «ҚазАгроКепіл» АҚ-нан алуына болады», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауыл шаруашылығы кооперациясы департаментінің басқарма басшысы Ерлан Ильясов.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері және оның мүшелері қатыса алады.

«Бағдарлама бойынша кепілдендірілетін несиенің ең жоғарғы сомасы 18 млн. теңгеге дейін. Кепілдік тек 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап КС/МҚҰ берген несиелер бойынша табысталады. Несиелендіру немесе кепілдендіру мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығы және АШӨК ашу саласында – 7 жыл. Кепілдендіруге соңғы қарыз алушы үшін жылдық үстемесі 6% бойынша берілген несиелер жатады», – дейді «ҚазАгроКепіл» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қазбек Иманқұлов.

Кепілдік мөлшері бірдей емес. Жұмыс істеп тұрған бизнес үшін несие сомасының 50%-ына дейін жабылады. Жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге несие сомасының 15%-ын жабатын кепілдігі болса жеткілікті. Қалған 85% «ҚазАгроКепіл» АҚ жауапкершілікке алады.

«Келесі жылы кепілдендіру өтініштерін 750 бірлікке, ал 2019 жылы – 760-қа дейін ұлғайту күтілуде. Яғни, үш жылдың ішінде 1800-ге жуық фермерлер өз ісін дамытуға біздің кепілдік арқылы несие ала алады»,-деді «ҚазАгроКепіл» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақаев.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика