Жамбы атудан халықаралық жарыс

12-13 тамызда Астанадағы «Қазанат» атшабарында Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі өтеді. Жарысқа әлемнің 25 елінен 50 жуық спортшы келеді. «Алтын жебе» халықаралық турниріне елімізден бес спортшы бақ сынайтын болады деп хабарлайды www.ortcom.kz
Бүгін Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін турнирдің ұйымдастырушылары баспасөз-конференциясын өткізді. «Алтын жебе» халықаралық турнирі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы» және Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен өтеді.
Жамбы ату ережесі бойынша, атпен шауып келе жатып жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Мергендік пен төзімділікті сынайтын қазақ халқының ұлттық ойынын жастар арасында қайта жаңғырту керек дейді ұйымдастырушылар. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Бекболат Тілеухан
− Ұлттық садақ атудан әлемге аты әйгілі Кашшай Лайош сынды мергені бар Мажарстаннан Чемез Фаркас баптаған венгр сұрмергені Намети Кристоф алғаш рет жамбы сайысында бақ сынамақ. Өздерін түркі жұртының бір бұтағы санап, ежелгі қыпшақ ұрпағымыз дейтін Мажарстан халқы ат үстінен садақ ату дәстүрін ұзақ жылдан бері насихаттаумен келеді. Венгрияда Еуропа көлеміндегі дәстүрлі садақ ату жарыстары жиі ұйымдастырылады. Қазіргі кезде бүтін Еуропаға мадияр садақшыларының мергендік даңқы мол жайылған. «Алтын жебе» турниріне келетін Намети Кристоф сол көп мергеннің ішіндегі үздіктердің бірі,-деді
Сонымен қатар, жамбы атуға енді жасөспірімдер мен қыз балаларды дайындау дәстүрі алға қойылмақ. Астанада өтетін халықаралық турнирге тұңғыш рет Моңғолиядан қыз бала қатысқалы отыр деді ұйымдастырушылар.
Жүлде қоры қомақты, қатысушыларға бес орынға дейін бәйге бар. Бас жүлде 1,5 млн теңгені құрайды.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика