Ақтөбе облысында 31 мың адам жұмыспен қамтылады

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жиналыс өткізді. Жыл соңына дейін өз ісін бастағысы келетін өңір тұрғындарына жалпы сомасы 3 млрд теңгеге жуық шағын несие беру жоспарда бар. Несие алуға ниеті бар бағдарлама қатысушылары міндетті түрде кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Бүгінде облыс орталығының алты ауданында «Бастау-Бизнес» оқыту курсы ұйымдастырылған деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
2017 жылдың соңына дейін халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарымен 31 мың адамды қамту жоспарланған. Соның аясында жұмыс орындарын құру, жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандарды мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар арқылы қайта оқыту қарастырылған. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жоспар 50,2 % орындалды. Алайда, облыстың кейбір аудандарында аталған көрсеткіш бұл деңгейден әлде-қайда төмен. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың хабарлауынша тапсырманы Байғанин, Мәртөк, Ойыл және Шалқар аудандары орындамаған.
Ербол Нұрғалиев жоспар көрсеткішіне қол жеткізе алмаған аудандардағы әкім орынбасарларына жауапкершілік мәселесін қарап шығуды тапсырды. Аудандар 1 тамызға дейін барлық кемшіліктерді дұрыстаулары қажет.
Бағдарлама аясында Ақтөбе облысы бойынша қысқа мерзімді оқыту курсынан 840 адам өткен. Оның 88% жұмысқа орналастырылған. Алдағы жылы сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіпкерлікке оқыту үшін 5 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда.
Ербол Нұрғалиев бюджеттің мақсатты жұмсалуын үнемі қадағалау қажеттілігін атап өтті және бағдарламаны сапалы жүзеге асыру үшін тиісті шараларды қолдануды тапсырды.

Яндекс.Метрика