Чехия Республикасының Ұлттық күні аталып өтті

ЭКСПО-2017 аумағында Чехия Республикасының Ұлттық күні аталып өтті. Бұл туралы көрменің Медиаорталығы хабарлады. Іс-шараға ресми өкілдерден Чехия Парламенті Сенатының Төрағасы Милан Штех, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов қатысты.

Жиын кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО-2017 Көрмесі технологиялық жаңғыруға және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюуына жаңа серпін беретінін тілге тиек етті. «ЭКСПО аяқталғаннан кейін, көрме аумағында бірнеше халықаралық институттар пайда болады. Мысалы, «Астана Халықаралық қаржы орталығы», «Жаңа технологиялар паркі», «БҰҰ аясындағы жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығы» осында жұмыс істейтін болады. Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің деңгейіне жетуді көздеп отыр»,- деді Қ.Тоқаев.
Өз сөзінде Милан Штех ЭКСПО Көрмесіне қатысу Чехия Республикасы үшін маңызды екенін айтты.
«Көрмеге қатысудың бірнеше себептері бар. Біріншісі – көпжылдық достық қарым-қатынас. Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикалары Орталық Азияда әріптес мемлекеттер. Екіншісі, өнеркәсіптік энергетика мен ақылды энергия болып табылатын мамандандырылған көрме тақырыбы. Біз ең үздік энергия дегеніміз ешқашан сарқылмайтын энергия деп білеміз. Сондықтан, Чехия Республикасының ғалымдары мен зерттеушілері экологияның неғұрлым таза болуына барлық жағдай жасап жатыр. Сол жетістіктердің бірнешеуін Чехия павильонында көруге болады»,- деді Милан Штех.
Мерекелік жиынның ресми бөлігі аяқталған соң, келушілер Чехия мен Қазақстан павильондарын тамашалап қайтты. Ал, Ұлттық күн сахнасында Прага консерваториясынан келген акробаттар мен мың бұралған бишілер ЭКСПО қонақтары үшін өнер көрсетті.
Атап өтейік, Чехия мемлекетінде жаңартылатын энергия көзін пайдалану көрсеткіші 13 %-ды құрайды. Ал, ЭКСПО-дағы Чехия павильонның жалпы аумағы 292,5 шаршы метр.

Яндекс.Метрика