Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік гранттар конкурсының нәтижелерін жариялады

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ҮЕҰ-ларға арналған 14 мемлекеттік грантты беру туралы шешім қабылдады. Сараптамалық комиссияның қорытындысы бойынша 18 грантқа 71 ҮЕҰ-дан 93 өтініш келіп түскен деп хабарлайды ortcom.kz
Сараптамалық комиссияға ҚР Парламент депутаттары, БАҚ, үкіметтік емес сектор өкілдері қатысты. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар 41 мемлекеттік грантты жүзеге асыруда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік гранттар конкурсының нәтижелеріне арналған баспасөз конференциясында айтылды. Баспасөз жиынға «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев, Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің теле-радио және жұртшылықпен байланыс кафедрасының доценті, сараптамалық комиссия мүшесі Қанат Әуесбай, «SOS Қазақстанның балалар қалашықтары» бағдарламалық даму жөніндегі ұлттық директоры Мария Чернова, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының президенті Қайрат Елубаев қатысты.
Баспасөз-конференция барысында сараптамалық комиссия мүшесі Қанат Әуесбай: «Үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен өтініштердің көпшілігі толықтыруды қажет етеді. Өтініштерді рәсімдеу тұрғысынан қазақстандық ҮЕҰ-ларды оқыту қажет», – деп атап өтті.
Грант алушылардың бірі – Мария Чернова кез-келген конкурс қорытындысы бойынша өтініштерге талдау жасаудың маңызы туралы әңгімеледі. Сараптамалық комиссияның отырысы нәтижесінде Мария Чернова үшінші талпыныстан кейін мемлекеттік грантқа қол жеткізген.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 30 маусымда Астана қаласында ҮЕҰ-ларға арналған мемлекеттік гранттар бойынша сараптамалық комиссияның отырысы өткен болатын. Ал гранттар туралы ақпаратты Орталықтың ресми cisc.kz сайтынан алуға болады.

Яндекс.Метрика