Ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» ұйымдастырылады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» президенті Бекболат Тілеухан мәлімдеді.

«Ат жарысы биылғы жылдың 11 маусымында Астана қаласының «Қазанат» ипподромында басталады. Жарыс бағдарламасына аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға аттар жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырым, 2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысы өтеді», – деді спикер.

Оның айтуынша 25 шақырымдық аламан бәйгеге, 15 шақырымдық топ бәйгеге, 7 шақырымдық құнан бәйгеге, 7 шақырымдық жорға жарысқа әр облыстан биылғы жылғы іріктеу бәйгелерінде жүлдегер болған таңдаулы сәйгүліктер ғана қатысады. Барлығы – 130-дан астам еліміздің жүйріктері тіркелді.

«Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан шабандоздар қатысады, сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден қатысушылар келеді деп күтілуде», – деп атап өтті «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының» президенті Бекболат Тілеухан.

Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар облыста ат спортының дамуын тілге тиек етті. «Бүгінгі таңда өңіріміздің 1384 дене шынықтыру коллективтерінде ұлттық спортпен айналысушылар саны 47 000 адамды құрайды. Оның ішінде ұлттық ат спорты түрлерімен 17000 адам шұғылданады, сонымен қатар 570 білікті бапкерлер осы салада жүйелі жұмыс жасап жатыр, – деді Ж.Омар.

Жарыстың жүлде қорына келетін болсақ, аламан бәйгеде бас жүлдені жеңіп алғанға 10 млн. теңге, екінші орынға 5 млн., үшінші орынға 1,5 млн. теңге, мәреге төртінші келген адам мен бесінші болып жеткен шабандозға тиісінше 1 млн. мен 500 000 теңге сыйақы беріледі. Топ бәйгеде жеңімпазға 5 млн. теңге, күміс жүлдегерге 2 млн., үшінші орынға 1 млн., мәреге төртінші келгенге 500 000 мен бесінші орынға 300 000 теңге тағайныдалады. Құнан бәйгеде бірінші орынға 3 млн., екінші орынға 1,5 млн., қола жүлдегерге 1 млн., төртінші орынға 500 000 мен бесінші орынға 300 000 теңге беріледі. Жорға аттар жарысында жеңімпаз 1,5 млн., күміс жүлдегер 700 000 теңге, қола жүлдегер 400 000, төртінші және бесінші орынды қанағат тұтқан адам 200 000 мен 100 000 теңге алады.

Спикерлердің сөзінше жарыстың үзіліс кезінде  «джигитовка», «теңге ілу», «жамбы ату», «қыз қуу», қазақы тазы иттер жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында халықаралық деңгейдегі 18 ауқымды спорттық шара ұйымдастырады. Еліміздің өңірлері де спорттық сайыстардан қалыс қалмайды. Халықаралық көрме аясында Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам спорттық сайыстар өткізіледі.

 

Comments are closed.

Яндекс.Метрика