“Тағы бір кезеңді бағындыруға арналған стратегиялық жоспар”, – Ж.Ахметбеков

Президент еліміздің болашақ дамуын, яғни «Қазақстанның үшінші жаңғыруын» қазіргі заманның озық технологияларын игерумен, меңгерумен байланыстырды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Коммунистік халық партиясының Елбасы Жолдауына қатысты пікір-тұжырымдарымен бөліскен Парламенті Мәжілісінің депутаты, партияның Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков осылай деді.

Оның айтуынша, Жолдау баспасөзге жарияланғаннан бері халықтық коммунистер жиналып, құжатты қызу талқылап, өз ой-пікірлерін білдіруде.

«Кеше Астана қалалық комитетінде және облыстарда осы мәселеге арналған жиындар өтті. Коммунистер бұл Жолдауды да еліміздің тағы бір кезеңді бағындыруға арналған стратегиялық жоспары деп танып отыр», – деді Ж.Ахметбеков.

Ол дүние жүзіндегі дамыған елдердің қай-қайсысы да даму сатысына тек озық технологиялардың арқасында қол жеткізгенін атап өтті.

«Президент еліміздің болашақ дамуын, яғни «Қазақстанның үшінші жаңғыруын» қазіргі заманның озық технологияларын игерумен, меңгерумен байланыстырды. Сондықтан да осы Стратегиялық Құжат елімізді дамудың биігіне алып шығатынына сенеміз», – деп мәлімдеді депутат.

Ол сондай-ақ Елбасы Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын дамыту туралы тапсырма бергенін айтып өтті.

«Ауыл шаруашылығы саласында шешімін күтіп тұрған мәселе өте көп, Жолдаудағы жер мәселесі, субсидия, шаруа қожалықтары, сапалы экологиялық таза өнім өндіру, ғылыми жетістіктер және тағы басқалары. Бұл мәселелер коммунистердің ғана емес, халқымыздың жартысын құрайтын ауыл халқының да қызығушылығын туғызды, – деді Коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы. – Біздің партиямыздың негізгі электораты қарапайым бұқара халық. Барлық партиялық құжаттарымызда да басты құндылығымыз бұқара деп көрсетілген. Сондықтан да Жолдаудағы әлеуметтік мәселелерді әлі де терең зерделейтін боламыз».

Яндекс.Метрика