5 мың теңгеге баспана жалға беріледі

Кезекте тұрғандардың арасында, әлеуметтік жағынан осал, табысы аз санаттарына жыл сайын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы көзделді, бұл жыл сайын шамамен 3 мың пәтер. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.

Бұл топтағы адамдар пәтерді сатып ала алмаса да ең төмен бағада жалдап тұра алады. Бұл ретте осы пәтерлерде тұру үшін 1 шаршы метрін жалдау құны шамамен 100 теңгені құрайды, демек алаңы 50 ш. метр пәтер үшін айына 5 мың теңге төлейтін болады.

«Бұл жоба бойынша әр жылы 3000 отбасын қамтысақ, берілген 15 жылда 45 мың отбасының баспана мәселесін шешуге болады», – дейді спикер.   

Екінші топта кезекте тұрған, тұрақты табысы бар және баспананы меншікке алуға ниетті адамдар үшін әкімдіктердің кредиттік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаятын болады. Бұл тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы жүргізіледі.

Бұл ретте, салынған кредиттік тұрғын үй әкімдіктердің кезекте тұрған адамдарына және Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің салымшыларына тең беріледі. Бұл үйлердің бағасы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында 1 шаршы метрі 180 мың теңгеге дейін болса, өңірлерде 140 мың  теңге көлемінде болады.

Comments are closed.

Яндекс.Метрика